ШҚО-да тасқынның кезекті толқыны болуы ықтимал - Ішкі істер вице-министрі
ӨСКЕМЕН ҚазАқпарат - Тасқынның қарқын алуына байланысты Шығыс Қазақстан өңірі бойынша төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Бұл туралы облыста іссапармен жүрген Ішкі министрінің орынбасары Юрий Ильин БАҚ өкілдеріне айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Юрий Ильин 2 күндік сапарында тасқын болған Шемонаиха және Глубокое аудандарын тікұшақтан бақылап, Семей мен Өскемендегі жағдаймен танысқанын айтты. Ведомство өкілінің сөзінше, Глубокое ауданында жағдай әлі де күрделі. Өйткені, 21 үй су құрсауынан босамаған. Семей қаласында Шүлбі су қоймасынан босатылған су Ертістің деңгейін көтеріп, 100-ден астам тұрғын үйлерін тастап шығуға мәжбүр болып отыр.
«Зырян және Катонқарағай аудандарында тасқын әлі күшіне еніп үлгерген жоқ. Бұл аудандарда қардың негізгі бөлігі кешірек еритінін ескерсек, тасқынның тағы бір толқыны күтіп тұр деп айтуға болады. Облыстың әкімі Үкіметке өңір бойынша төтенше жағдай жариялау туралы ұсыныс хат жіберді. Бұл мәселе қазір қаралып жатыр» - деген Юрий Ильин жергілікті төтенше жағдайлар департаментінде құрал-жабдықтар жетіспеушілігі бар екенін растады.
«Еліміз бойынша 140 өрт сөндіру бөлімі жетіспейді. Ал тасқынға қарсы дайындық бойынша айтар болсақ, қажетті техникамен тек 45 пайыз ғана қамтылғанбыз. Шығыс Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш 55 пайыз шамасында. Кейбір құрал түрлері мүлдем аз. Осы мәселені облыс әкімі Даниал Ахметовпен де талқыладық. Департаменттің 500 млн теңгелік тапсырысын облыс бюджетінен бөлу жобасын мақұлдағанын айтты. Біз де өз тарапымыздан үкіметке ұсыныспен шығып жатырмыз. Оның қанша пайызға мақұлданатыны әзірге белгісіз, - деді министрлік өкілі.