ШҚО-да төрт күннен бері іздеуде жүрген жасөспірім табылды

АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстанда полицейлер жоғалған жасөспірімді іздеп тапты. Тінту жұмыстарына 500-ден аса полицей тартылды, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.

ШҚО-да полицейлер жоғалған жасөспірімді іздеп тапты
Фото: ІІМ

— 15 жастағы Александр Коверзин 9 маусымнан бері із-түзсіз жоғалғандардың қатарында болған. Қуанышқа орай, ол аман-есен табылып, қазіргі уақытта туыстарына тапсырылды. Жасөспірімнің өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ, — делінген ведомство хабарламасында.

Жасөспірім — көршілес мемлекеттің азаматы. Оның жоғалғаны туралы хабар түскен бойда, Шығыс Қазақстан облысының полицейлері жедел түрде ауқымды іздестіру шараларын ұйымдастырды. Қала мен оның айналасын, су қоймаларының жағалауын, қаңырап бос қалған және иесіз ғимараттарды, орман алқаптарын тінту жұмыстарына 500-ден астам полиция қызметкері тәулік бойы жұмылдырылды.

Іздеу жұмыстарына тәртіп сақшыларымен қатар, құтқарушылар, әскери қызметшілер, қызметтік иттері бар кинологтар мен дрондар тартылды. Іс барысында азаматтардың белсенділігі де маңызды рөл атқарды: жергілікті тұрғындардың бірі әлеуметтік желілердегі бағдар арқылы ұқсас жасөспірімді көргенін айтып, шамамен жүрген орнын көрсеткен.

Іздеу жұмыстарының үшінші күні жасөспірімді полиция қызметкерлері Александр Исаев Ермек пен Қуаныш Акемеев қаңырап қалған ғимараттардың бірінен табылды.

— Жасөспірімнің айтуынша, ол үйінен әдейі шығып кеткен және біраз уақыт жалғыз болғысы келген. Осы уақыт ішінде ол жалғыз өзі иесіз ғимаратта болған. Қуанышка орай, оның денсаулығына зиян келген жоқ. Ол анасына тапсырылды. Жасөспіріммен және оның заңды өкілдерімен осындай жағдайларға жол бермеу мақсатында профилактикалық әңгіме жүргізілді, — делінген хабарламада.

Полиция ата-аналар мен қамқоршыларды жасөспірімдердің эмоционалдық жағдайына көбірек назар аударуға және олармен сенімді қарым-қатынаста болуға шақырады.

Полиция іздестіру жұмыстарына атсалысқан барлық азаматқа үлкен алғыс білдіреді. Қоғамның қолдауы мен барлық қызметтердің үйлесімді әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алып, баланы отбасына аман-есен қайтару мүмкін болды.

Бұған дейін Ақмола облысында 10 күн бұрын жоғалған 6 жасар баланың денесі табылғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар