ШҚО-да улы газды анықтайтын датчиктің арқасында 7 адам аман қалды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында улы газды анықтайтын датчиктің арқасында 7 адам аман қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да улы газды анықтайтын датчиктің арқасында 7 адам аман қалды

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға Глубокое ауданы Верх-Березовка ауылындағы Куйбышев көшесіндегі жер үйде түнгі сағат 02.00 шамасында болған. Улы газды анықтайтын датчик дабыл қаққанда отбасы шырт ұйқыда жатты.

Соның арқасында барлығы 7 адам, оның ішінде 3 баласы аман қалды. Белгілі болғандай, улы газ шатырдан шыққан.

Оқиға орнына құтқарушылар шұғыл келіп жетті. Олар ауаны арнайы құрылғымен тазартты.

«Бұл датчик осы үйге бір ай бұрын ғана орнатылған еді. Жыл сайын датчиктер әлеуметтік тұрғыда осал отбасылардың үйлеріне қойылуда. Биылғы жылыту маусымы алдында Шығыс Қазақстан бойынша 3000-ға жуық отбасы қамтылды», - дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Серік Амангелдин.