ШҚО-да вейп сатқандарға қатысты 11 қылмыстық іс тіркелді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Маусым айында жаңа заң күшіне енгелі бері Шығыс Қазақстан облысында вейп сатқандарға қатысты 11 қылмыстық іс тіркелді.

вейп
Фото: ШҚО Полиция департаменті

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Риддер қаласында жедел уәкілдер 900-ден астам вейп сатпақ болған күдіктілерді ұстады.

«21 жастағы күдіктіні «тауарды» жергілікті тұрғынға сатып жатқан кезінде ұстаған. Ер адам қойма ретінде пайдаланған ғимараттан шамамен 10 миллион теңге тұратын 916 электронды темекі тәркіленді. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - делінген ақпаратта.

вейп
Фото: ШҚО Полиция департаменті

Айта кетейік, биылғы 20 маусымнан бастап жаңа заң күшіне енгеннен кейін Шығыс Қазақстан облысының полицейлері 2200-ден астам вейп, 540-тан астам хош иістендіргіш пен сұйықтық, 54 темекі өнімі, 240 картридж және 56 буландырғышты тәркіледі. 

Сол уақыттан бері 11 қылмыстық іс тіркеліп, 4 іс бойынша айыптау үкімі шықты. Кінәлілердің әрқайсысына 150 АЕК (553 800 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Еске салсақ, осыған дейін Қытайдан Қазақстанға вейп әкелген Қырғызстан азаматы сотталғаны хабарланған.

 

Соңғы жаңалықтар