ШҚО-да заңсыз ағаш кескен азамат ұсталды

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының Бородулиха ауданында  табиғат қаскөйі ерекше қорғалатын табиғи аумақтан қарағай ағаштарын кесіп,  мемлекетке  материалдық залал келтірген. Аудандық сот заңсыз ағаш кескен  азаматқа қатысты сот үкімін шығарды. Бұл туралы ҚазАқпарат  Бородулиха аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
None
None

Қылмыстық істің материалына сәйкес аудан тұрғыны рұқсат құжаттарынсыз  ерекше қорғалатын Дмитриевка орманшылығының табиғи аумағына кіріп, 8 қарағайды заңсыз кескен. Осылайша ол «Семей орманы» мекемесіне 20 285 теңге сомасына материалдық залал келтірген.

Азаматты тәртіп сақшылары қарағайларды отап жатқан уақытта қолға түсірген. Оның үстінен ерекше қорғалатын табиғи аумақта заңсыз ағаш кесу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сот үкімімен  ҚР ҚК-нің 340-бабы, 3-бөлігі, 4-тармағында (Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орман қорына кірмейтін және тыйым салынған ағашты кесу, заңсыз кесу, жою немесе зақымдау) көрсетілген құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 100 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындалды.

Сондай-ақ «Семей орманы» мекемесінің басшылығына қызметтік міндеттерін адал орындауына баса назар аудару туралы жеке қаулы шығарылды. 

Соңғы жаңалықтар