ШҚО-да жасыл энергетика жобасын іске асыруға жер мәселесі қолбайлау болып тұр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында баламалы энергия көздерін дамытуға бағытталған келешегі зор жобаның жүзеге асырылуы бөгеліп отыр.

Бұл – Марқакөл ауданындағы Қалжыр өзенінде шағын су электр станцияларының каскадын салу жобасына қатысты. «KALZHYR RIVER ENERGY» ЖШС бас директорының айтуынша, қуаты 16 мегаватт болатын су электр станциясы облыстағы жаңартылатын энергия саласындағы ірі нысандардың біріне айналуы мүмкін.
Жоба өңірдің энергия қауіпсіздігін арттыруға және көмір мен мұнайға тәуелділікті азайтуға бағытталған. Энергетиктер бұл дәстүрлі энергия көздерінің қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіретінін талайдан бері айтып келеді.
– Біз табиғатқа әсерді барынша азайтып, биологиялық әртүрлілікті сақтауға ұмтылып келеміз. Алайда қуатты арттыру үшін жобаны кеңейту қажет. Ал бұл мақсаттағы жер телімдерінің бір бөлігі ерекше қорғалатын табиғи аумаққа кіреді, – дейді компания өкілдері.
Мәселе жердің құқықтық мәртебесіне тіреліп отыр. ШҚО Жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлистің түсіндіруінше, қорық аймағынан тыс жер учаскелері әлдеқашан бөлініп қойған. Қалғаны тек қорықтар мен ерекше қорғалатын аумақтарға тиесілі, ал ондай жерлерді пайдалануға арнайы тәртіппен ғана рұқсат етіледі.
– Бұл аумақтар тек стратегиялық маңызды нысандарды іске асыру үшін пайдаланылуы мүмкін. Осы жөніндегі шешімді Үкімет басшысы қабылдайды. Ал оған дейін Энергетика мен Су ресурстары және ирригация министрліктерінің оң қорытындысы қажет, – деді Надежда Михейлис.
Айта кетейік, Қазақстанда бұған дейін де ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан стратегиялық инфрақұрылымдық жобалар үшін жер берілген жағдайлар болған. Бірақ бұл тек қатаң экологиялық талаптарды сақтау шартымен ғана жүзеге асырылды.
Бұл мәселе прокуратураның да назарынан тыс қалған жоқ. ШҚО прокуратурасы жағдайды қосымша зерттейтінін және құқықтық тетіктер қарастырылып жатқанын мәлімдеді.
Еске салсақ, осыған дейін БҚО-да энергетикалық және коммуналдық салада 6 жобаны жүзеге асыру көзделіп отырғаны хабарланған.