ШҚО-да жеке үйлерде 9 мыңға жуық өрт қауіпсіздігі талабы бұзылған
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында жылыту маусымы басталғалы бері жеке үйлерде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 9 мыңға жуық дерегі тіркелді.
«Қауіпсіздік әр үйге» акциясы аясында ШҚО ТЖД қызметкерлері жергілікті атқарушы органдар, полицейлер мен еріктілер пешпен жылытылатын тұрғын үйлерді аралап жүр.
Тексеру барысында пештердің, мұржалардың және электр сымдарының жай-күйі тексеріліп, сонымен қатар тұрғындарға жылыту құрылғыларын пайдалану ережелері түсіндіріліп, мұржаларды күйеден уақтылы тазалап отыру қажеттігі ескертіліп жатыр.
— Жылыту маусымы басталғалы бері барлығы 20 мыңнан астам тұрғын үй араланып, 9 мыңға жуық заңбұзушылық анықталды. Олардың қатарында пеш мұржаларын уақтылы тазаламау, зақымдалған және тозған электр құрылғыларын пайдалану сынды деректер көп. Әлеуметтік осал топтағы отбасылар тұратын 2 758 үйдің барлығына улы газды анықтайтын датчиктер орнатылды, — дейді ШҚО ТЖД бастығының міндетін атқарушы Фархат Әмре.
Құтқарушылар әсіресе көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты зейнеткерлерге және мүгедектігі бар адамдарға ерекше назар аударады. Олардың үйлеріндегі улы газды анықтайтын датчиктердің жұмыс жағдайын да бақылауда ұстайды.
Еске салсақ, бұған дейін Жетісу облысында бұрынғы қант зауытының аумағында өрт шыққаны хабарланған.