Жетісу облысында бұрынғы қант зауытының аумағында өрт шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысындағы бұрынғы қант зауытының аумағында өрт болды.
Ескелді ауданына қарасты Қарабұлақ ауылындағы пайдаланылмайтын қойма ғимаратынан өрт шыққан.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабар шұғыл қызметтердің кезекші пультіне түскен. Оқиға орнына дереу өрт сөндіру бөлімшелері жіберіліп, олар өртті сөндіруге және жалынның одан әрі таралуына жол бермеуге кіріскен.
— Өрт салдарынан қойма ғимаратының 130 шаршы метр аумақтағы шатыры отқа оранды. Өрт жедел оқшауланып, толық сөндірілді, — деп хабарлады ведомство.
Оқиға кезінде ешкім зардап шеккен жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбедегі кафеде газ-ауа қоспасы жарылып, екі адам зардап шеккенін хабарлаған едік.