ШҚО-да жер үйден өрт шығып, әйел мен екі бала мерт болды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданының Бобровка ауылында үйде өрт шығып, әйел мен екі бала көз жұмды.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде тұрғын үйді толығымен жанып жатқан. Сондай-ақ үйдің шатыры опырылып түскен.
- Өртті сөндіру барысында әйел мен кәмелетке толмаған екі баланың мәйіті табылды, - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Еске салсақ, осыған дейін Өскемен қаласындағы 30-шы Гвардиялық дивизия көшесінде орналасқан студенттер жатақханасының тоғызыншы қабатындағы бөлмеде өрт тұтанғаны хабарланған.