ШҚО-да жыл басталғалы 13 мас жүргізуші ұсталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында 2026 жылдың алғашқы 5 күнінде мас күйде көлік айдаған 13 жүргізуші ұсталды.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 1-5 қаңтар аралығында тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істеді. Әсересе мереке күндері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше көңіл бөлінді.
Бес күн ішінде полицейлер 1 725 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
— Көлікті мас күйде басқару фактілері азаймай тұр. Аталған кезеңде 13 мас жүргізуші ұсталды. Тіпті медициналық куәландырудан бас тартқандар да болды. Мұндай әрекет мас күйде болу фактісін мойындаумен тең саналады және қатаң жазаға әкеліп соғады, — делінген ақпаратта.
Мәселен, түнгі рейдтердің бірінде жүргізуші өзін тоқтатқан полицейлерге «тек қонақтарды шығарып салдым» деп, куәландырудан өтуден бас тартқан. Осылайша, автокөлік тәркіленіп, мамандандырылған тұраққа қойылды, ал жүргізуші заң бойынша жауапқа тартылды.
— Азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптің алдын алу мақсатында 16 көлік арнайы тұрақтарға орналастырылды. Оған техникалық ақаулардан бастап, қажетті құжаттардың болмауына дейінгі түрлі жағдайлар себеп болған, — делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстан киберполициясы 2025 жылы шетелде 7 call-орталықты жойғаны хабарланған.