ШҚО-да жылына 50 тонна өнім беретін балық өсіру кешені салынады
АСТАНА. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында құны 348 млн теңге болатын балық шаруашылығы саласындағы жаңа жоба іске қосылмақ. «Самал Тау» серіктестігі жылына 50 тонна өнім өндіретін балық өсіру кешенінің құрылысын бастағалы отыр, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, 2025–2026 жылдарға жоспарланған жоба шеңберінде балық өсіруге арналған екі ангар, жем қоймасы және бес арнайы тоған салу көзделген.
Екі ангар мен тоғандар жүйесі форель тұқымдарын өсіруге арналмақ.
Өндірістік бөлімі диаметрі 6 метр, биіктігі 1,1 метр болатын жиырма дөңгелек бассейнмен, сондай-ақ өлшемдері 15×1,1 м және 12×1,1 м болатын екі капсула тәрізді бассейнмен жабдықталады. Қосымша тағы бес тоған қамтылған. Оның үшеуі — 15×15 м, екеуі — 20×15 м көлемінде.
Басты мақсат — өңірде аталған сала дамуына тың серпін беру және отандық балық шаруашылығының әлеуетін нығайту.
Осыған дейін Қызылорда облысында қалдықсыз өнім шығаратын балық зауыты туралы жаздық.