ШҚО-да жылыту маусымы кезінде өрттен 22 адам көз жұмды
АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында қарашадан сәуірге дейінгі жылыту маусымы кезінде тұрғын үй секторында 341 өрт тіркелді.
Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш (349 оқиға) аздап төмендегенімен, салдары ауыр күйінде қалып отыр — 22 адам қаза тауып, осынша адам жарақат алды.
Жылыту маусымы аяқталғаннан кейін де тілсіз жау адам өмірін жалмады. Мәселен, сәуірдің 28-і күні Глубоковский ауданындағы Тарханка ауылында адам тұрмайтын жеке үйден өрт шықты.
— Өртті сөндіру кезінде үй ішінен 1961 жылы туған ер адамның мәйіті табылды, — деп хабарлады ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Мамандар өрттің негізгі себебі ретінде адамның қателіктерін алға тартты.
— Өрттің 70%-ға жуығы тұрғындардың өздерінен болады. Көбіне өрт пештер мен электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбау салдарынан тұтанады. Маусым ішінде пешті жылытуға байланысты 140 өрт оқиғасы тіркелсе, 82-сі электр құралдарын дұрыс пайдаланбау салдарынан болған, — деп хабарлады ШҚО Мемлекеттік өртке қарсы бақылау департаменті.
Сонымен қатар, тұрғын үй секторы азаматтық қорғаныс органдарының тікелей бақылауында болмаса да, профилактикалық жұмыстар облыс көлемінде жүйелі түрде жүргізіліп отыр.
Жылыту кезеңінде құтқарушылар 92 мыңнан астам үйді аралап, 330-дан астам кездесу өткізіп, 12 мыңнан аса адамға қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
Әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға ерекше көңіл бөлінеді. Пешпен жылытылатын 2763 үй бақылауда болған.
— Тексеру барысында 700-ден астам заңбұзушылық анықталды. Негізінен пештер мен электр желілерін дұрыс пайдаланбау фактілері. Қатар жүргізілген жұмыстар нәтижесінде пеш жабдықтары жөнделіп, электр сымдары қалпына келтіріліп, датчиктер орнатылды, — деп атап өтті ведомство.
Осындай үйлерге 680 көміртек тотығын анықтайтын датчик орнатылған. Тек осы маусымның өзінде олар екі адамның өмірін сақтап қалған. Жалпы, соңғы 6 жылда өңірде шамамен 17 мың датчик орнатылып, соның арқасында 45 адамның, оның ішінде 31 баланың өмірі сақталған.
Төтенше жағдайлар департаменті келесі жылыту маусымына дайындықты қазірден бастау қажет екенін ескертеді — пештер мен электр желілерінің жағдайын тексеріп, қайғылы жағдайлардың алдын алу маңызды.
Еске салайық, Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздегі өрт қауіпсіздігі ережелерін жаңартады.