ШҚО-да жол апатынан ер адам көз жұмды

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде жол-көлік оқиғасынан бір адам көз жұмды. Көлікті тізгіндеген әскери қызметкер қатты жылдамдықпен келе жатып рөлге ие бола алмаған. Салдарынан көлік аударылып, жолаушы көз жұмды. Бұл туралы ҚазАқпарат Семей гарнизоны әскери сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

ШҚО-да жол апатынан ер адам көз жұмды

Семей гарнизонының әскери соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 345-бабы 3-бөлімі бойынша әскери қызметшіге қатысты қылмыстық істі қарады.

Жол апаты «Қарағанды-Боғас» тас жолында орын алды. «Mercedes-Benz E 230» автокөлігін тізгіндеген әскери қызметкер жол қозғалыс ережесін сақтамаған. Қатты жылдамдықпен келе жатқан ол рульге ие бола алмай, аударылған. Ал көлікте отырған ер адам оқиға орнында көз жұмған.   

«Автокөлікте  сотталушымен бірге жұмыс істеген әріптесі отырған. Бірақ ол алған қатты жарақаттары салдарынан сол жерде көз жұмды. Оқиғадан кейін жүргізуші көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет бабы бойынша айыпталып,  қылмыстық іс қозғалды. Сот отырысы кезінде ол кінәсін мойындап, өкінетінін жеткізді», - делінген хабарламада.  

Сот үкімімен азамат 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бірақ ҚР ҚК-нің 63 бабы (Шартты түрде соттау) негізінде шартты жаза тағайындалды. Және көлік құралын басқару құқығынан 3 жылға айырылды.