ШҚО-да жүрек-қан тамыр ауруларынан көз жұмғандар саны артты

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында қан айналымы жүйесі ауруларынан қаза болғандар саны артып барады.

аурухана
Фото: Kazinform

Бұл туралы ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Қапанова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.

- 2025 жылдың бірінші тоқсанында өңірдегі жалпы өлім-жітім көрсеткіші 7%-ға төмендеген. Алайда жүрек-қан тамыр ауруларынан көз жұмғандар саны 5,2%-ға артты, - дейді ол. 

Аса алаңдатарлық жағдай Ұлан ауданында тіркелген. Бұл көрсеткіш мұнда 1,6 есеге артқан. Ал Риддер қаласында - 1,4 есе, Тарбағатай ауданында - 1,3 есе өскен.

- Қан айналымы жүйесі аурулары әлі де өлім-жітім себептерінің алдыңғы қатарында. Бұл медициналық көмектің қолжетімді болуын ғана емес, тұрғындардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауын да талап етеді, - деді Айнаш Қапанова.

Өңірде жүрек-қан тамыр ауруларын ерте анықтау үшін скрининг жүргізіліп жатыр. 1 маусымға дейін жоспарланған 3272 адамның 2369-ы (72%) тексеруден өткен. 55 адамда патология анықталды: 48-і артериялық гипертония, 7-і жүректің ишемиялық ауруы. 36 пациент диспансерлік есепке алынған.

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде дәрігерлер инсульт алған 19 жастағы қызды аман алып қалғаны жайлы жазғанбыз

Соңғы жаңалықтар