ШҚО-да жүргізуші көлігімен бірге көлге батып кетті
Оқиға Семей қаласынан 150 километр жерде болған. 58 жастағы ер адам көлге қарай сырғып түсіп кеткен көлігін шығара алмай бірге батып кетеді. Оның денесін тауып алған жергілікті тұрғындар полицияға хабар береді. Полицияға шығыс өңірлік аэромобильдік жедел құтқару жасағы көмекке келіп, суға батқан адамды шығарып алады.
Өскеменде биылғы жылдың наурызында да осыған ұқсас оқиға болған еді. Үлбі көпірінің астындағы айналма жолдан өтіп бара жатқан көлік суға қарай сырғып кеткен болатын. Абырой болғанда оның жүргізушісі машинадан түсіп үлгерген.
Төтенше жағдайлар департаментіндегілер көлікті су бассейндерінің маңында қалдырғанда қол тежегішін тежеп, доңғалақтарға тосқауыл қоюға кеңес береді. Егер автомобиль бәрібір суға батып кетсе де, ішіндегі адам шығуға үлгермей қалса, есікті ашуға тырысудың қажеті жоқ, өйткені сырттағы судың қысымы оны ашқызбайды. Ондайда ең дұрысы автомобильдің суға толуын күтіп, ішкі қысым сыртқы қысыммен теңескен соң ғана есікті ашып, сыртқы шығуға болады.