ШҚО-дағы екі тасжолда бүгіннен бастап қыс соңына дейін көлік қозғалысы шектелді

Шығыс Қазақстан облысындағы екі тасжолда бүгіннен бастап қыс мезгілінің соңына дейін көлік қозғалысы шектеу қойылды, деп хабарлайды Кazinform. 

ШҚО-дағы екі тасжолда бүгіннен бастап қыс соңына дейін көлік қозғалысы шектелді
Фото: qaj.kz

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 30 қазаннан бастап қыс мезгілінің соңына дейін республикалық маңызы бар «Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнары» тасжолында көлік қозғалысы шектелді.

«Аталған тасжолдың 46-66 шақырымында тіркемесі және жартылай тіркемесі бар жүк көліктерінің қозғалысына тыйым салынды. Сондай-ақ бүгіннен бастап түнгі сағат 21:00-ден 06:00-ге дейін облыстық маңыздағы «Өскемен-Риддер» тасжолының 94-104 шақырымында да дәл осындай шектеу қойылды», - делінген ақпаратта.

Осы ретте, құтқарушылар облыс жұртшылығына ауа райы нашарлаған кезде тасжолдарда барынша абай болуға шақырды.

«Қауіпсіз жылдамдықты сақтауларыңызды және ҚР Жол жүрісі қағидаларының талаптарын бұзбауларыңызды сұраймыз», - деп ескертті ТЖД-дан.

Соңғы жаңалықтар