ШҚО-дағы кәсіпорындарда биыл 80 жазатайым оқиға болды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындарда жыл басынан бері 80 жазатайым оқиға болып, 15 адам көз жұмды.
ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша биыл өндірісте жарақат алғандар саны азайған.
«Жыл басынан бері облыста 80 жазатайым оқиға болды. Соның салдарынан 92 жұмысшы зардап шекті. Оның ішінде, 15 адам ажал құшса, 47-сі ауыр, 30 адам жеңіл жарақат алған. Жалпы өндірістік жарақаттану деңгейі былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1%-ға азайған», — делінген ақпаратта.
Тексеру қорытындыларынан кейін полицияға кінәлі адамдарды жауапқа тарту үшін 80 материал жолданды. 162 лауазымды тұлға тәртіптік және екі қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ алты қызметкер жұмысынан шеттетілді.
«Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстандағы 185 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша стандарттар енгізілген. Жалпы алғанда қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру мақсатында жасалған шарттары бар кәсіпорындардың жалпы саны 65,1% құрап отыр», — делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-дағы кәсіпорындардың жұмысшыларға қарызы 60 млн теңгеден асқаны хабарланған.