ШҚО-дағы кәсіпорынға салынған 4 млрд теңгенің айыппұлы алынып тасталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемендегі «Востокмашзавод» кәсіпорны 4 млрд теңге көлеміндегі айыппұл төлеуден босатылды.

Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, зауыттағы вагондардың бос тұрып қалуына байланысты салынған айыппұлдар заңсыз деп танылған.
Бұл даулы мәселе 2022 жылдан бері созылып келген. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС кәсіпорынға вагондардың тоқтап қалуына байланысты айыппұл салған. Алайда прокурорлар «Востокмашзавод» бұл тасымал процесінде жүк жөнелтуші де, жүк алушы да, вагон не теміржол иесі де болмағанын анықтады.
– «Теміржол көлігі туралы» Заңның 49-бабы 2-тармағына сәйкес, мұндай міндетті төлемдер нақты тасымалға қатысушы тараптарға ғана жүктеледі. Ал «Востокмашзавод» олардың қатарына кірмейді, – деп хабарлады Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметінен.
Прокурорлардың араласуы нәтижесінде кәсіпорынға заңсыз салынған 4 миллиард теңге көлеміндегі айыппұл алынып тасталды.
Еске салсақ, осыған дейін 2027 жылға дейін 5 мың шақырым теміржол салынып, жаңғыртылатындығы хабарланған.