ШҚО-дағы құрылыс компаниялары 200-ден астам үлескерден заңсыз ақша тартқан
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы құрылыс компаниялары 200-ден астам үлескерден заңсыз ақша тартқаны анықталды.

ШҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде облыс бойынша 73 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 20 үй бюджет қаражаты есебінен, 53 үй жеке инвесторлардың қаражатына салынып жатыр.
— Құрылыс компаниялары арасында үлескерлерден заңсыз ақша тартқандар бар. Соның салдарынан 200-ден астам азамат зардап шекті. ҚР «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңы үлескерлердің қаражатын тартуды қатаң реттейді. Алайда тәжірибе көрсеткендей, құрылыс компаниялары бұл талаптарды орындамайды, — дейді басқарма басшысының орынбасары Самат Қайырдинов.
Оның айтуынша, заң бұзған құрылыс компанияларына әкімшілік іс қозғалды. Олардың қатарында «Ray Residense», «Park Line», «Renesans 3», «Tumar Towers», «Viva Park», «Кристал», «Grand Residense» компаниялары бар. Ал «Royal Finance Group» ЖШС және «Elit Stroy Group» ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Еске салсақ, осыған дейін ақтаулық тұрғындар заңсыз қоршауды бұздырып, құрылыс компаниясына шағым түсіргені жайлы жазғанбыз.