ШҚО-дағы Күршім ауданында ірі қараға қарасан тиді ме
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданында мал өлімінің себебі анықталып жатыр.

Күршім ауданы Маралды ауылында екі күн ішінде сегіз сиыр өлген. Алдын ала дерек бойынша бұған пастереллёз немесе қарасан сияқты жұқпалы аурулар себеп болуы мүмкін.
Қазір ауылда ветеринарлық және санитарлық қызмет мамандары жұмыс істеп, зертханалық сараптамалар жүргізіліп жатыр. Мал өліп жатқаны туралы хабар түскен соң аудан әкімдігі бірден комиссия құрды. Екі сағат ішінде мамандар Березет учаскесі аумағына барып, мал өлекселерін көрді.

— Сол кезде 6 ірі қараның өлексесін тіркедік. Қауіпті инфекциялар мен улы заттарға сынамалар алынды. Ауылда мал иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Қазір жағдай бақылауда, тұрғындарға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, — деді ауданның бас санитар дәрігері Меңдігүл Сәдуақасова.
Барлық материал облыстық жұқпалы аурулар зертханасына жіберілген. Жергілікті тұрғындар малдың қырылуына жақын маңдағы алтын өндіретін фабриканың жұмысы әсер етуі мүмкін деп алаңдайды.
— Бізде ірі қара уланып қалды ма деген күдік бар. Фабрикадан шығатын қалдықтардың жайылымға зияны бар ма деп қорқамыз, — дейді олар.

Алайда ветеринарлар клиникалық белгілердің улануға емес, ауруға көбірек келетінін айтып отыр. Соңғы екі сиыр жаны бар кезінде жіті тексерілген.
— Зерттеу кезінде ауру малдың дене қызуы жоғары болғаны анықталды. Бұл — пастереллёздің негізгі белгілерінің бірі. Барлық өлексе уақтылы көміліп, індеттің таралу қаупі жойылды, — деді «Күршім-вет» коммуналдық кәсіпорнының эпизоотологі Сатты Дүтбаев.
Өңірдегі мал өлімі мәселесіне қатысты Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігі түсініктеме берді.
— Ауылдағы өндіріс орындары экологиялық талаптардың сақталуына қатысты тексеріледі. Экологиялық сараптама нәтижелері осы аптаның соңына дейін дайын болады деп күтіліп отыр. Ал ветеринариялық сынамалардың қорытындылары 4 қазанға дейін шығарылмақ. Бүгінге дейін Маралды ауылында басқа мал өлімі тіркелген жоқ, — деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да көшеде итті балталаған адам іздестіріліп жатқаны хабарланған.