ШҚО-дағы Ново-Березов кен орнында экологиялық заңбұзушылықтар анықталды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында экологтар Ново-Березов кен орнындағы экологиялық заңбұзушылықтарды анықтады.

ШҚО-дағы Ново-Березов кен орнында экологиялық заңбұзушылықтар анықталды
Видеодан алынған кадр

ШҚО экология департаментінің мамандары табиғат қорғау прокуратурасының үйлестіруімен Dengbo Success Minerals LTD компаниясына қатысты жоспардан тыс тексеруді аяқтады. Тексеру Верхнеберезов кенті тұрғындарының өтінішінен кейін жүргізілді. 

— Кен орнының аумағын тексеру барысында нысанда іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілгені анықталды. Бұл жұмыстар кезінде сорғы жабдықтарының көмегімен шахта суы сорылып, кейін Березовка өзеніне ағызылған. Қоршаған ортаға ықтимал әсерді бағалау үшін мамандар шахта суы мен топырақтан сынама алды. Зертханалық зерттеу нәтижелері өзен мен топырақ құрамында ластаушы заттар мөлшерінің жоғарылағанын көрсетті, — деп хабарлады департаменттен.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 328, 331, 337 және 358-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар кәсіпорында экологиялық рұқсаттың жоқ екені анықталды. Іс материалдары заңнамада белгіленген тәртіппен қарау үшін сотқа жолданды.

Сондай-ақ кәсіпорынға анықталған заңбұзушылықтарды жою және кен орны аумағынан шахта суының, ластанған жаңбыр және еріген қар суының өзенге түсуіне жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау туралы нұсқамалар берілді.

Еске салсақ, бұған дейін Талдықорғанда экологтер келгенше белгісіз сұйықтық төгілген шұңқырларды көміп тастағаны хабарланған.