Талдықорғанда экологтар келгенше белгісіз сұйықтық төгілген шұңқырларды көміп тастаған
АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде Талдықорғанның өнеркәсіптік аумағынан қою түсті сұйықтық, пластик ыдыстар мен бөшкелер салынған екі шұңқыр табылғаны туралы ақпарат тарады. Экология департаменті «Жетiсу Май» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіп жатыр.
Әлеуметтік желілерде жарияланған мәліметке қарағанда, 12 қазанда қала тұрғындары қою қоңыр сұйықтық толтырылған екі шұңқырды байқап қалған. Бір шұңқырда үлкен пластик ыдыстар, екіншісінде екі үлкен көк бөшке болған.
Шұңқырлардың жанынан құрылыс қалдықтары мен техникалық сұйықтықтардың іздеріне ұқсайтын қара дақтар да байқалған. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа қарағанда, аумақтан өткір иіс шыққан.
Шұңқырларда нақты қандай зат болғаны және сұйықтықтың ол жерге қалай түскені сол кезде белгісіз еді.
Аумақ анықталғаннан кейін оқиға орнына полиция шақырылған. Жазбадағы мәлімет бойынша, құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын тіркеп, бейнетүсірілім жүргізген және материалдарды Жетісу облысының экология департаментіне жолдаған.
Алайда экологтар оқиға орнына жеткен кезде шұңқырлар көміліп қойған. Әлеуметтік желілердегі мәліметке сәйкес, аумақта жер қазу жұмыстары жүргізілген.
Жетісу облысының экология департаменті «Жетiсу Май» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіліп жатқанын растады.
— Қазіргі уақытта департамент „Жетiсу Май“ ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіп жатыр. Тексеру аясында департаменттің зертханалық-аналитикалық бақылау бөлімінің мамандары топырақ сынамаларын алып, зертханаға жіберді, — деп хабарлады ведомство.
Департамент Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы талаптарының бұзылғаны анықталса, өз құзыреті шегінде және заңда белгіленген тәртіппен тиісті шаралар қабылданатынын да атап өтті.
Ведомство тексеру нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы қосымша хабарлайды.
Қазір сұйықтықтың құрамы, топырақтың ластану ықтималдығы және қоршаған ортаға төнетін қауіп туралы түпкілікті қорытынды зертханалық зерттеулердің нәтижелері шыққаннан кейін жасалады.
Сонымен қатар жер қазу жұмыстарының мән-жайы, шұңқырлардың неліктен көмілгені және олардың ішіндегі заттардың қайдан шыққаны әзірге анықталған жоқ. Сондай-ақ табылған аумақтың «Жетiсу Май» ЖШС қызметіне қатысы бар-жоғы тексеріледі.
Еске салайық, бұған дейін ШҚО-да экологиялық тексеруден соң 12 ауылдық округ әкімі жазаланғанын хабарлағанбыз.