ШҚО-дағы ірі кәсіпорындар желсіз күндері ауаға тарайтын зиянды шығарындыларды жедел азайтады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқан күндері және экологиялық төтенше жағдайлар кезінде қалай әрекет етуге қатысты өңір әкімдігі мен ірі кәсіпорындар арасында меморандумға қол қойылды.

Аталған құжатқа бірнеше ірі кәсіпорын басшылығы қол қойды. Атап айтқанда, «Казцинк» ЖШС, «ТМК» АҚ, «УМЗ» АҚ, «Востокмашзавод», Өскемен май зауыты және барлық жылу энергетика нысандары – Өскемен ЖЭО, Согра ЖЭО, «Шығыс жылу» АҚ.
- Меморандумға қол қою рәсімінің 5 маусым – Қоршаған ортаны қорғаудың дүниежүзілік күнімен және экологтар кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келуі – ерекше мәнге ие. Өнеркәсіптік кәсіпорындар басшыларына ашық диалог пен бірлескен жұмысқа дайын екені үшін ризашылығымды білдіремін. Тек серіктестік, өзара сенім және тұрақты даму арқылы ғана өңіріміздің экологиялық әл-ауқатын сақтай аламыз. Қатысушыларды осы құжатпен шектеліп қалмай, бұл бағытта жүйелі жұмысты жалғастырып, ең озық қолжетімді технологияларды енгізуге, экологиялық жауапкершілік пен өндірістік мәдениетті арттыруға шақырамын, - деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Меморандум қолайсыз метеорологиялық жағдай туындаған жағдайда және экологиялық сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде барлық тараптың үйлестірілген іс-қимылдарын айқындайды. Бұл – шығарындыларды жедел түрде азайту, ақпарат алмасудың ашықтығы, мониторингке қатысу және қоршаған ортаның ластануын болдырмауға бағытталған алдын алу шаралары.
Еске салсақ, осыған дейін Өскемендегі экология мәселесінің жай-күйі туралы мақала жариялаған едік.