ШҚО-дағы тоғыз кәсіпорын 304 жұмысшысына 150 млн теңге қарыз

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы тоғыз кәсіпорын 304 жұмысшысына 150 млн теңге жалақы төлемеген.

Деньги Ақша
Фото: Александр Павский/Kazinform

Еңбек мемлекеттік инспекциясы комитеті ШҚО бойынша департаментінің мәліметіне сүйенсек, еңбек инспекторлары өткен жылы кәсіпорындарға 405 тексеріс жүргізіп, 1322 заңбұзушылықты анықтаған.

- Олардың басым бөлігі еңбек қатынастары мен еңбек қауіпсіздігіне қатысты болды. Осыған байланысты 143 ұйғарым шығарылып, кәсіпорындарға 35,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Бүгінде облыстағы 9 кәсіпорынның 304 жұмысшысы жалақыларын ала алмай жүр. Компаниялардың өз қызметкерлеріне қарызы 149,9 млн теңгеге жеткен, - дейді департамент басшысы Бақытбек Қизатов.

Соңғы бір жылда облыста 106 өндірістік жазатайым оқиға тіркелді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 8,1%-ға көп. Барлығы 17 адам қаза тауып, 66 жұмысшы ауыр жарақат алды.

Оқиғалардың негізгі себептері – қызметкерлердің өрескел қателіктері мен жұмыс жағдайларын ұйымдастырудың қанағаттанарлықсыз деңгейі.

Еске салсақ, бұған дейін 2024 жылы ірі кәсіпорындардың зиянды шығарындылары 6% азайғаны хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар