ШҚО-дағы Зайсан ауданында қалған жалғыз ардагер қайтыс болды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында 102 жастағы Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері қайтыс болды.

Аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Зәкен Құрманқожанов Зайсандағы жалғыз қалған Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері еді. Ол биыл 102 жасқа келген.
— Зәкен Құрманқожановтың отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтамыз, — делінген ақпаратта.
Айта кетейік, майдангер 1923 жылы Зайсан ауданында дүниеге келген. 1942 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылып, алғашында Мәскеу түбіндегі майданға жіберілген. Кейінірек танк батальонына ауыстырылып, дәлдеуші-атқыш ретінде соғысқа қатысқан.
Закен Құрманқожанов Смоленск, Киев, Витебск, Вильнюс, Рига қалаларын азат етуге қатысып, соғыстың соңында Берлинге дейін жеткен.
Жауынгерлік ерлігі мен батырлығы үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Беларусьті азат еткені үшін» медальдарымен, «Үздік танкист» төсбелгісімен марапатталған.
Еске салсақ, осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Отан соғысының ардагері, «Халық қаһарманы» Әбдіғали Қаймолдиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтқаны хабарланған.