ШҚО-дағы Зайсан ауданының тұрғындары газ тартылмағанына наразы

ӨСКЕМЕН.KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында жер қойнауынан газ қоры табылғанына жиырма жылға жуық уақыт өтсе де, сол байлықтың игілігін көре алмай отырған ауылдар әлі бар. Көгілдір отынның үстінде отырып, қыс бойы көмір жағатын тұрғындар бұл жағдайды әлеуметтік әділетсіздік деп бағалайды. Халық үшін газдандыру тек тұрмыстық мәселе емес, өмір сапасына тікелей әсер ететін проблемаға айналған.

Зайсан
Фото: Ауыл тұрғындарынан

«Көмірді қарызға алып отырмыз»

2009 жылы газ қоры анықталған сәтте Зайсан ауданының халқы көмірден біржола құтыламыз деп үміттенген-ді. Алайда жылдар өте бұл үміт кей ауылдар үшін ақталмай қалды.

- Дайыр ауылына газ тартылады деп құбырларды орнатты. Көмір жағуды қоямыз ба деп барлығымыз қуанған едік. Газ келсе әлдеқайда арзанға түсер еді. Көмірді биыл тоннасына 34 мың теңгеден алдық. Үйіміз үлкен, қыс бойы 8-10 тонна жағамыз. Әке-шешем, төрт балам бар. Өз жеріміздің астында газ жатса да, соның пайдасын көре алмай отырмыз, - дейді Дәулет есімді (аты өзгертіліп берілді - ред) Дайыр ауылының тұрғыны.

Оның айтуынша, мәселе тек қаржыда емес. Олар газдың жылдар бойы сыртқа сатылып, ал жергілікті халықтың көмірге тәуелді болып қалғанына наразы.

Зайсан
Фото: Ауыл тұрғындарынан

- Газ бар екенін білеміз. Оны басқа елдерге сатып жібергенін де естідік. Ал біз өз үйімізді жылыту үшін қарызға көмір алып отырмыз. Өз жеріміздің байлығы өзімізге жетпей жатыр. Қанша жыл күтуге болады?! Әкімдік жыл сайын ауылымызға газ тартылады деп құрғақ уәде беріп келеді, - дейді ауылдың тағы бір тұрғыны.

Газ қоры қанша жылға жетеді?

Осы ретте, Kazinform тілшісі Зайсан ауданы әкімдігі мен ҚР Энергетика министрлігіне сауалхат жолдап, халықты толғандырған түйткілдерге жауап алып көрді.

- Қазіргі уақытта ауданның 10 елді мекені, атап айтқанда Зайсан қаласы, Қарабұлақ, Кеңсай, Қайнар, Айнабұлақ, Жамбыл, Көгедай, Шалқар, Қаратал, Үлкен Қаратал ауылдары орталықтандырылған газбен қамтамасыз етілген. Бұл елді мекендердің халқы 23,6 мың адам. Бұл облыс халқының 3,25%-ы. Қолдағы ақпаратқа сәйкес, қазіргі қалған газ қоры 7 жылға жетеді, - деп жауап берді аудандық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әли Жұмағалиев.

ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, Зайсан ауданындағы Сарыбұлақ газ кен орны алғаш рет 2005 жылы анықталған. Ол кезде С-2 ұңғымасындағы палеоген шөгінділерінен газдың субұрқақ ағыны алынған.

Зайсан
Фото: Ауыл тұрғындарынан

- 2009 жылы бос газдың бастапқы геологиялық қоры шамамен 3,8 млрд м³ болды. Қазіргі таңда «Тарбағатай Мұнай» ЖШС тәулігіне 120 мың м³ газ өндіреді, - делінген министрліктің ресми жауабында.

Министрлік дерегінше, бұрын газдың бір бөлігі шетелге экспортталған.

- 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап газ экспорты жүзеге асырылмайды, өндірілетін барлық газ ішкі нарыққа жеткізіледі. Ал 2013-2022 жылдар аралығында Қытайға 3,4 млрд м³ газ экспортталды, - делінген ақпаратта.

Газ кезегінде тұрған ауылдардың бірі - Дайыр. Ол аудан орталығынан 23 шақырым жерде орналасқан. Бұл бағытта белгілі бір инфрақұрылым салынғанымен, мәселе әлі түбегейлі шешілмеген.

- Бүгінгі таңда 2020 жылы Дайыр ауылы және тағы 7 елді мекенді газбен қамтамасыз ету мақсатында магистральдық қосалқы желілердің құрылысы аяқталды. Аталған жоба аясында жоғары қысымды газ құбырларының жалпы ұзындығы 52 шақырым, оның ішінде Дайыр ауылына дейін газ жеткізетін желілер салынды. Сонымен қатар 8 газ реттеу пункті орнатылды, - дейді ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев.

Сонымен қатар ол газдандыру жобаларына тапсырыс берушілер мен жобалаушылардың жергілікті атқарушы органдар екенін атап өтті.

Зайсан
Фото: Ауыл тұрғындарынан

- Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, Дайыр ауылын газдандыру қарастырылған. Қазіргі уақытта ауылға дейін магистральдық газ құбырлары алдын ала тартылған, алайда ішкі елді мекендік және тоқсанішілік газ желілерінің құрылысы аяқталмаған. Аталған желілерді салу үшін әкімдікпен жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, 2019 жылы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Алайда мердігер ұйымның жауапсыздығынан жоба уақытылы іске аспаған. Сот процестері мен мердігер ұйымның міндеттемелерін орындамауына байланысты газ тарту жұмыстары кешіктірілді. Нәтижесінде, 2024 жылдың қарашасында келісімшарт сот тәртібімен бұзылды. Төленген сомалар мемлекет кірісіне қайтарылуға жатады, - дейді вице-министр.

Қазіргі уақытта жоба қайта қаралып жатыр.

Дайыр ауылы
Фото: Ауыл тұрғындарынан

- Мемлекеттік сараптаманың мерзімі өтуіне байланысты жобалау-сметалық құжаттамаға ШҚО әкімдігі түзету енгізіп жатыр. Түзету жүргізіліп, сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінен министрлікке тиісті бюджеттік өтінім келіп түскен жағдайда, біз ары қарай Қаржы министрлігінің бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органына жолдап, жобаларды Республикалық бюджеттік комиссияның қарауына шығаруға дайынбыз, - деп жауап берді Қайырхан Тұтқышбаев.

Министрлік алдағы жоспарларды да атады. Келешекте газдандыру Дайыр ауылымен қатар Көкжыра, Қуаныш, Сарытерек, Жарсу, Бақасу, Саржыра және Біржан ауылдарын да қамтымақ.

Зайсан
Фото: Ауыл тұрғындарынан

- Бұл елді мекендерге дейін магистральдық газ желілері 2020 жылы толық салынған. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысының әкімдігімен ішкі тарату желілерінің жобасы түзетіліп жатыр, құжаттар тиісті келісімдерден өткеннен және қаржыландыру көздері анықталғаннан кейін құрылыс-монтаж жұмыстарының мерзімі нақтыланады, - деп хабарлады министрліктен.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде сұйытылған газ тапшылығы жайлы жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар