ШҚО-дағы жағажайлар шомылу маусымына әлі толық дайын емес
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында шомылу маусымы 1 маусымда ресми түрде басталады. Алайда жағажайлар әлі маусымға толық дайын емес.

Өңір бойынша суға түсуге рұқсат етілген 25 учаске белгіленген. Облыстық мәслихат сессиясының шешімімен шомылуға тыйым салынған 74 және шағын көлемді кемелерде жүзуге тыйым салынған 29 орын бар.
ШҚО ТЖД мәліметіне сүйенсек, көпшілікке арналған су айдындарында су түбін тексеру, қалқыма белгілер орнату, бақылау мұнарасын қою және арнайы оқытылған құтқарушылардың кезекшілігі қамтамасыз етілуі тиіс.
— Өткен шомылу маусымында облыс су айдындарында департамент қызметкерлері 23 адамды, оның ішінде 4 баланы құтқарды. Рұқсат етілмеген жерлерде шомылған 4 адам суға батып кетті, оның біреуі бала. Балалар лагерлері мен демалыс базаларының иелері шомылу маусымы басталғанға дейін оларды талапқа сәйкес келтіруі қажет, — делінген ақпаратта.
Осы ретте, құтқарушылар халыққа шомылу үшін тек жабдықталған жағажайларды таңдауға, су айдындарындағы тыйым салу белгілеріне назар аударуға шақырды.
— Қазіргі таңда барлық талапқа толықтай сай келетін жағажайлардың саны аз. Жағажай иелерінде маусымға дайындалу үшін екі аптадан аз уақыт қалды, — дейді ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Дәурен Ағажаев.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде суға батып бара жатқан 5 жасар баланы құтқарған студент марапатталғаны хабарланған.