ШҚО-дағы 80 мектепте ерекше балалардың білім алуына жағдай жасалмаған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы 80 мектепте ерекше қажеттілігі бар балалардың білім алуына жағдай жасалмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

ШҚО прокуроры Алмат Байшолақовтың төрағалығымен өткен жиналыста ерекше білім беруді қажет ететін балалардың құқығын сақтау мәселесі қаралды.

«Облыс бойынша осындай 10 мыңнан астам бала бар. Оларға білім алуға басқалармен теңдей жағдай жасалуы тиіс, сондықтан бұл мәселенің маңызы зор. Инклюзивті білім алатын балалардың құқықтарының сақталуын тексеру кезінде уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан бірқатар бұзушылықтарға жол берілгендігі анықталды», - дейді облыс прокуроры.

Жүргізілген тексеру көрсеткендей, облыста түзету кабинеттері, ПМПК, бейімделген білім беру мекемелері жетіспейді, арнайы мектепке дейінгі ұйымдар да талаптарға сәйкес келмейді және ерекше балаларды оқыта алатын педагогтардың тапшылығы байқалып отыр.

«Мысалы, үш түзету кабинетінің болмауы салдарынан 441 балаға қолдау көрсетілмеген. 2016 жылдан бастап аймақта есту қабілеті нашар 5 жасқа дейінгі балаларға арналған топтар жоқ. Облыстағы 342 мектептің 80-де ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуына жағдай жасалмаған. Екі мектепте 49 қызметкерге осы санаттағы оқушылармен жұмыс істегені үшін қосымша ақы төленбей келді», - дейді А. Байшолақов.

Аталған барлық бұзушылық бойынша қадағалау актілері енгізілген. Отырыс соңында уәкілетті органдарға бірқатар ұсыныс берілді.


Соңғы жаңалықтар