ШҚО-дағы кей бекеттерде жанармай не себепті сатылмай жатыр

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы кейбір бекеттерде жанармайдың не себепті сатылмағаны түсіндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Кешелі бері әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде облыста жанармай тапшылығы туындағаны жайлы ақпарат тарады.

Осыған қатысты ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасынан жауап берді.

«Шығыс Қазақстанның кейбір жанармай құю бекеттерінде Аи-95 маркалы бензиннің уақытша сатылмауы логистикаға байланысты болды. Яғни, Павлодар және Шымкент мұнай-химия зауыттарында жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде жанар-жағармай материалдарын жеткізуге өтінімдер Атырау МӨЗ-не жіберілді. Елдің батысынан шығысына жанар-жағармай жеткізу шамамен екі аптаға созылады», - деп хабарлады басқармадан.

Жанармай құю бекеттерінің иелері жеткізу шығындарына байланысты Аи-95 маркалы бензиннің бағасын көтеруі мүмкін.

Өйткені бұл - реттелмейтін отын түрі.

«Бүгінгі таңда жанар-жағармай материалдары барлық жанармай құю бекеттеріне жеткізілді. Отын тапшылығы жоқ. Жалпы облыс бойынша 157 бекет жұмыс істейді. Олардың қорында АИ-92 маркалы бензиннің – 7,8 мың тоннасы, АИ-95 – 2 мың тоннасы, дизель отынының – 3,7 мың тоннасы бар. АИ-92 маркалы бензиннің бағасы литріне 200-205 теңгеге дейін жетсе, АИ-95 224-254 теңге арасында сатылуда. Дизель отынының литрі - 295 теңге» делінген ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар