ШҚО-дағы Маралды алтын кенішін игеруге неге рұқсат берілді

«Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Маралды ауылының тұрғындары елді мекеннің іргесіндегі кеніштен натрий ционидін қолдану арқылы алтын шайқайтын өндіріс ошағы салынып жатқанына наразы. Фабрика ел ауыз су алып отырған Маралды өзенінен 500 метр жерде ғана тұр. Маралды Күршім арқылы Ертіс трансшекаралық өзеніне құяды. Ауыл тұрғындары фабрика экологиялық апат туындатып жатыр деп дабыл қағып жүр. Тұрғындардың қаупі негізді ме?» - деп сұрады журналист.
Спикердің айтуынша, жоба Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің сараптамасынан өткен.
«Министрлікке «Маралиха» кен орнында алтын шайқайтын фабрика салуды көздейтін жоба келіп түскен. Комитет ол жоба бойынша оң қорытынды шығарған. Жоба бойынша фабрика орын тебетін жер телімінің ауданы 38 гектар болмақ. Ал, Маралды ауылынан 2,8 шақырым жерде жатыр. Бұл телім су қорғау аймақтарынан және маңайдағы су нысандарының жолақтарынан тыс аумақта тұр. Ең жақын деген бұлақпен арадағы қашықтық – 508 метр. Жер телімі орман қорының аумағынан да тыс жатыр. Зауыттың қызмет мерізімі – жоба бойынша 7 жыл. Қоғамдық тыңдауларда Маралды ауылының тұрғындары «ционид ерітінділерін қолдану қоршаған ортаны зақымдап, халықтың денсаулығына зиян келтіреді» деп алаңдайтындарын айтқан. Кәсіпорын бұл факт бойынша түсіндіру жүргізді. Жобада алтын шайқайтын арнайы алаң болатыны айтылды», - деді ол.
Сондай-ақ, Айдар Абдуалиев жоба бойынша алтын шайқайтын алаң сондағы жер қыртысынан төселген бөгетпен қоршалуы керектігін айтты.
«Бөгеттің ені 4, биіктігі 3 метр болады. Одан бөлек, қалыңдығы 60 см етіп нығыздалған сары топырақтың бір қабаты төселеді. Оның үстінен геомембраналы жабын кетеді. Оның үстінен 30 см қалыңдықтағы құм жабыны төселеді. Демек, топырақты ерітіндіден қорғайтын қабаттың қалыңдығы 1 метрден асады деген сөз. Апаттық тоған мен қышқыл ерітінділерінің тоғаны астынан дәл осындай қорғаныш төсеу жоспарланған.
Мұнда ционидті ерітінді қолданылады. Ондағы ционидтің шоғыры 1 литр ерітіндіге 0,5 грамнан келеді. Ционид алтынды ерітуге қолданылатындықтан, өндіріс тізбегінен шыққан кезде ерітіндідегі шоғыры 1 литрге 0,1 грам болып қалады. Аталған фабрикада сумен жабдықтаудың айналымды жүйесін орнату көзделген.
Біздің министрлік фабрика иелеріне ерітінділердің қоршаған ортаға ағып кету тәуекелін бақылау мақсатында жер үстіндегі және астындағы суды ластау ықтималдығын қадағалау үшін мониторинг жасайтын ұңғымалар қазуды міндеттеп отыр.
Кәсіпорын өндіріс маңына бұта егуге міндет алып отыр. Осы жайттардың бәрін және бүкіл уәкілетті органдардың мақұлдағанын ескере отырып, 26 шілдеде біз экологиялық рұқсат бергенбіз», - деді ведомство өкілі.