11:07, 17 Наурыз 2022 | GMT +5
ШҚО-дағы тасжол маңында жасанды жолмен 4 рет қар түсірілді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы тасжол маңында жасанды жолмен 4 рет қар түсірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, күннің күрт жылынуына орай өңірдің таулы жерлерінде қар көшкіні жүру қаупі артқан. Осыған орай «Алтай-Путинцево» тасжолында жасанды жолмен 4 рет қар көшкіні жүргізіліп, 2430 текше метр қар түсті.
«Көктем басталғалы бері «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының қызметкерлері 19 профилактикалық көшкін түсіру жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде, 25 040 текше метр қар түсірілген», - дейді филиал басшысы Омар Дүзгімбаев.
Айта кетейік, аймақ бойынша көшкін жүру қаупі бар кезең сәуір айына дейін созылады.