ШҚО-дан Ресейге бара жатқан автобус жолда қалып, 46 адам эвакуацияланды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысынан Ресейге бағыт алған автобус жолда сынып қалып, 46 адам эвакуацияланды.
Өскемен-Новосибирск бағытындағы автобус 7 қаңтарда түнгі уақытта Шемонаиха ауданында сынып қалған. Қоғамдық көлікте 46 адам отырды, оның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған балалар да болды. Олар аязда жаурай бастаған.
- Сол кезде жолаушылардың бірі 102 арнасына хабарласып, көмек сұрады. Жедел келіп жеткен полицейлер барлық адамды Шемонаиха қаласындағы колледжге эвакуациялады. Олар сол жерде жылынып, демалуға мүмкіндік алды. Белгілі болғандай, автобустың генераторы істен шыққан, - деп хабарлады ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Қазіргі уақытта автобус жөнделіп, жолаушылар сапарларын қайта жалғастырды.
Еске салсақ, осыған дейін Жетісу облысында Алтын Емел асуының жолы жабылғаны хабарланған.