ШҚО экологтары кәсіпорындарға 2,2 млрд теңге айыппұл салды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының экологтары жыл басынан бері кәсіпорындарға 2,2 млрд теңге айыппұл салды.

ШҚО экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде кәсіпорындарға салынған айыппұл бойынша тек 186,6 млн теңге төленген.
- Ал қалған сома, яғни 2,1 млрд теңге әлі бюджетке түскен жоқ. Себебі, айыппұлды өз еркімен төлеу мерзімі әлі аяқталмады. Түсе салысымен ақшаны өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға жұмсауды жоспарлап отырмыз, - дейді департамент басшысының міндетін атқарушы Азамат Тәуірбеков.
Сарапшылардың айтуынша, айыппұлды уақтылы өндіріп алу қоршаған ортаны қорғау шараларын жеделдете түседі.
Облыста барлығы 60 ірі өнеркәсіптік кәсіпорын бар. Олар жыл сайын атмосфераға ондаған мың тонна ластаушы заттар шығарады. 2024 жылға кәсіпорындар үшін шығарындылардың лимиті 76,8 мың тонна болып белгіленген.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде тағы да ауа сапасы нашарлағанын хабарлаған едік.