ШҚО есірткі граффитилері бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Тұрғын үй аулаларын аралау барысында 50-ден астам есірткі граффитилері анықталды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Қоғамда «Заң және Тәртіп» қағидатын одан әрі нығайту мақсатында Өскемен қаласында «есірткі граффити» деп аталатын есірткі сататын онлайн-дүкендердің жарнамасы мен «қоймашы болып жұмыс істеу» туралы ұсыныстар жазылған жазуларға қарсы ауқымды акция өткізілді.
Акцияға қала прокуратурасының, полицияның, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері және жастар қозғалысының белсенділерінен құралған 100-ге жуық адам қатысты.
— Тұрғын үй аулаларын аралау барысында 50-ден астам есірткі граффитилері анықталды. Рейдтердің нәтижесінде ҚК 299-1-бабы «Есірткі құралдарын насихаттау немесе заңсыз жарнамалау» бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды, — делінген Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы хабарламасында.
Айта кетелік Рудныйда 16 жастағы жігіт мефедронның ірі партиясымен ұсталды.