ШҚО-ға өзге өңірден қоныс аударғандарға қандай жағдай жасалып жатыр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстанда соңғы жылдары ауылдардағы халық саны біршама сиреген. Жергілікті билік жағдайды реттеу үшін басқа өңірлерден тұрғындар тарту қамына кіріскен. Ал сол көшіп келгендерге лайықты жағдай жасалып жатыр ма? Kazinform тілшісі осы сұрақтың жауабын іздеп көрді.

теріскей
Фото: Kazinform

Келген жағына қайта көшіп кеткендер де баршылық

Шығысқа көшуге ниет білдіргендердің арасында Қазақстандағы ең көрікті жерлердің бірі — Катонқарағайға тұрақтағысы келгендер легі аз емес. Бірақ кей отбасы осында келсе де бірнеше айдан соң қайтып кеткен.

Бұл туралы биыл тамыз айында Ақтаудан Алтайға көшкен Аякөз Бақыш айтып берді. Ол блогер ретінде TikTok платформасында ерекше белсенді.

— Осы ауданда тұруға мені мұғалімдердің бірі шақырды. «Мектепке оқушылар керек» деді. Сосын әкімдіктегілер «келсеңіз үй береміз, барлық жағдайды жасаймыз» деп айтты. Біз ол жаққа тек киім-кешегімізді ғана алып жол тартқан едік, — деді Аякөз Бақыш.

Бірақ 4 айға жетпей Катонқарағайдан кетіп қалған. 

— Келгенімізде басы бүтін баспана емес, тозығы жеткен үй жалға берілді. Іші бос. Амал жоқ, біртіндеп орналаса бастадым. Бізге біраз нәрсе уәде етілген болатын. Бірақ онысы орындалмады, — деді ол.

Одан бөлек өз сөзінде балаларының мектепте буллингке ұшырағанын да жеткізді. Отбасы Катонқарағайдан кетіп жатқанда өзі сияқты екі-үш ана балаларымен бірге барған көрінеді. Алайда олар да келген жағына қайта көшкен.

Қазан айындағы статистикаға сенсек, Шығыс Қазақстаннан 3500-ге тарта адам басқа жаққа қоныс аударған. Онымен қоса, соңғы 10 жылда 30-ға тарта ауыл картадан жойылды. Катонқарағай ауданында 9000-нан астам халық бар. 

Аудан әкімдігі өкілдері болса келген отбасыларға жан-жақты қолдау барын айтты. Әсіресе «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы келетін жас мамандарға қарастырылатын мүмкіндіктер мол.

Жыл басталғалы ауданға келген 48 маман біржолғы әлеуметтік көмек алып, 11 жас маман тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие алуға өтінім берген. 

— Жас мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында аудан әкімдігі инженерлік инфрақұрылымды дамыту, спорттық және мәдени шараларға тарту бағытында жұмыс жүргізуде. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй сатып алу кезінде пәтердің санитарлық, жылу және электр жүйелерін тексеру міндеті әкімдікке жүктелмейді, — деді аудан әкімінің азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бойынша көмекшісі Бауыржан Аслан.

Катонқарағайға келіп, сіңіп кеткендер де бар. Соның бірі — Оңтүстік өлкеден көшіп барған Сандуғаш Мусина. Ол мұнда үш баласымен бірге 2024 жылы қоныс аударған.

Әкімдік тарапынан үй беріліп, тиісті құжаттарды рәсімдеу бойынша бағдар көрсетілді. Таза ауа мен қамсыз тірлікке үйренген олардың қайта көшкілері жоқ. 

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Отбасылардың қарызын өтеп берген

ШҚО экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2017 жылы Күршім ауданындағы Мойылды, Матабай, Шірікаяқ, Төсқайың ауылдары таратылды. Оған іргелес, шекара шебіндегі Марқакөл ауданында да тұрғындар саны әлі айтарлықтай көбеймеген.

Қазір мұнда 6700-ден астам адам тұрады. Бірақ Оңтүстік өңірлерден тұрғындар тарту бірқалыпты жалғасып жатыр. Соның басы-қасында жүрген кәсіпкер Бауыржан Жауғашаров бұл шаруаға кіріспес бұрын біршама ізденіп, нақты жоспар құрғанын айтты.

— Әділет порталында «Жұмысшы күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті қоныс аудару тәртібі» туралы анық жазылған. Соны толық оқып, танысып шықтым. Сосын тұрғындарды тартатындай етіп мәтін әзірледім. Ол республика көлемінде таралды. Көшіп келген адамға көтерме ақы беріліп, жұмыспен қамтылады деген бөліктерін оқып, хабарласа бастады. Жалпы, бастапқыда 300-ге тарта қоңырау түсті, — деді ол.

Бауыржан Жауғашаров өзі туған Ақбұлақ ауылының тіршілігіне қан жүгіртуге тырысты. Ең алдымен мектеп жабылып қалмауы керек деп ойлады. Ол үшін тұрғындар көшіп келуі тиіс.

Елдімекен көрінісін бұзар ескі қоралар мен үйлер сүріліп, орны тегістелді. Ауылдастар арасында қор құрылып, Ақбұлақты көркейту қадамдары әрі қарай ойластырыла бастады.

Оңтүстікке арнайы делегация аттанғанда өзі де еріп барып, Ақбұлақтағы жағдайды түсіндірді. Соның нәтижесінде 2025 жылға дейін ауылға ұзын-саны 16 жанұяны әкелді. 

— Шамамыз келгенше кейбірінің қарызын өтеп бердік. Жақында екі отбасы Күршімге көшіп кетті. Бірақ солай болды деп, қол қусырып отырған жоқпыз. Жаңадан отбасылар тартып жатырмыз. Тазалық сақтау мақсатында көктем айларында сенбілікке шығамыз, — деді Бауыржан Жауғашаров.

а
Фото: Бауыржан Жауғашаровтың жеке архивінен

Кадр тапшылығы бар

Марқакөл ауданына орныққан жандардың бірі — Дильноза Шахарова. Шымкенттен көшіп келген. Оның айтуынша, бұл ауданға бейімделу қиынға түспеді. 

— Адамдары жылы жүзді, әркез қолұшын беруге дайын. Жолдасым мен бес балам да бой үйретіп, ортаға сіңіп кетті. Орналасып болғанша, әкімдік қызметкерлері қал-жағдайларымызды біліп тұрды, — дейді ол. 

Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Балғын Байбекованың айтуынша, динамикалық өзгеріс біртіндеп реттеліп келеді.

— Ауданға көбіне осы Шығыс Қазақстанның басқа қалалары мен аудандарынан жас мамандар келді. «Диломмен ауылға» бағдарламасы олардың біршамасына мүмкіндік берді. Оған қоса, табиғи өсімнің артуы сырттан қоныс аударушылар санының ұлғаюымен байланысты. Ауданға әр жылы 58 жас маман келіп отырған. Оның ішінде, 48 адамға 100 АЕК көлемінде көтерме жәрдемақы берілді. Ақбұлақ ауылына 2024-2025 жылдары 7 отбасы (42 адам) Қызылорда, Шымкент, Түркістан облыстарынан қоныс аударды, — деді ол.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Бөлім басшысы Марқакөлде бірнеше сала бойынша кадр тапшылығы барын жасырмады. Қазіргі уақытта мұнда педиатр, математика және физика пәні мұғалімдері, агроном мен ветеринар мамандар, мәдениет саласы қызметкерлері керек. 

Сайып келгенде, шекара шебіндегі көші-қон мәселесі әлі шешілмеді. Дегенмен аудан әкімдіктеріне белсенді азаматтар да көмектесіп, мүмкіндігінше әрекет етіп жатыр. 

Еске салсақ, осыған дейін Сенаттың жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев білім гранттарын «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен байланыстыру артық екенін мәлімдеген болатын. 

Соңғы жаңалықтар