ШҚО: Қоқыстан табылған бас сүйек сараптамаға жіберілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменде үйіндіден табылған бас сүйекті ішкі істер қызметкерлері сараптамаға жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО: Қоқыстан табылған бас сүйек сараптамаға жіберілді

Облыстық экологиялық қауіпсіздік орталығының мамандары қоқыстан адам сүйегін тауып алған болатын. Елді елең еткізген бұл оқиғаға полиция қызметкерлері де араласты.

«Жылдағы әдет бойынша заңсыз пайда болған күлтөбелерді анықтау үшін рейдке шыққанбыз. Үлбі өзенінің адам аяғы баспайтын аңғарында «Кіші айналма жол» деп аталып кеткен аудан бар. Көзден таса жер болғандықтан, жұрт құрылыс қалдықтарын осында әкеп төгеді. Биыл ондағы үйінділердің саны 40-қа жетіпті. Әлгілердің бірінен таяққа шаншылған бас сүйек тауып алдық. Дереу полиция қызметкерлерін шақырдық. Олар үйіндіні әрі қарай қопарып, омыртқа мен қабырға сынықтарын да тапты. Біздің болжам бойынша табылған сүйектер жер қазу кезінде шығу мүмкін. Оны тапқан адам басы артық шаруадан қашып, осы жерге төгіп кетсе керек», - дейді экологиялық қауіпсіздік орталығының маманы Елена Полянцева.

Полиция аталған оқиға бойынша тексеру жұмыстарын жүргізуде.

«Бізге ақпарат жеткен бойда жедел-іздестіру тобы жіберілді. Бұл оқиға сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне алынды. Ал бас сүйек тиісті сараптамалардан өткізіледі», - дейді облыстық ішкі істер департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының маманы Азамат Раисов.