ШҚО құтқарушылары су айдындарында 200-ден астам рейд жүргізді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы су айдындарында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін профилактикалық рейдтер күшейтілді.

ШҚО құтқарушылары су айдындарында 200-ден астам рейд жүргізді
Фото: ШҚО ТЖД

Өңірде аптап ыстыққа байланысты су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында ШҚО ТЖД құтқарушылары халық көп шоғырланатын демалыс орындарын бақылап жүр.

— Бұқтырма су қоймасы аумағында қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау мақсатында рейд өткізілді. Рейд барысында ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша 3 құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жедел әрекет ету үшін құтқарушылар қуатты қозғалтқыштармен, навигациялық құралдармен, байланыс жүйелерімен және тиісті жабдықтармен жарақтандырылған заманауи катерлерді пайдаланады, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Жазғы жаз басталғалы бері ТЖД қызметкерлері 200-ден астам рейд жүргізді. Олардың басты мақсаты — судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу. Мыңдаған демалушы қамтылып, оларға су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.

Судағы қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан шомылу маусымы басталғалы бері облыста 2 адам суға батты. Қайғылы оқиғалар жабдықталмаған шомылу орындарында болған. 

Еске салсақ, осыған дейін Алакөлде шомылу маусымы басталғалы бері 10 бала жоғалғаны хабарланған.