ШҚО құтқарушылары ғарыш мониторингі арқасында 4 өртті анықтап, уақтылы сөндірді

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары сәуір айының басынан бері ғарыштан мониторинг жасаудың арқасында ашық алаңдағы 4 өртті анықтап, уақтылы сөндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, осы айдың басынан бері өңір құтқарушылары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Олар шөп жануын сөндіруге 31 рет шығып, 39 гектар алаңдағы 3 дала өртін ауыздықтады.

«Ашық алаңда шыққан қызыл жалынды дер кезінде анықтап, оның ары қарай таралуына тосқауыл қою үшін ТЖД қызметкерлері ғарыштан мониторинг жасап жүр. «Geosat» ЖШС көмегі арқылы жылу нүктелері анықталады. Бүгінгі таңда сол технологиялардың көмегімен сәуір айының басынан 4 өрт тіркеліп, жедел түрде өшірілді», - делінген ақпаратта.

Күн сайын 24/7 форматында ғарыштық түсірілім деректерін жедел қабылдау және сақтау жүргізіледі. Бұл - алапат өрттердің алдын алуда таптырмас құрал.

Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысында биыл халықтың отты абайсыз пайдалануынан 46 рет өрт шыққаны хабарланған.


Соңғы жаңалықтар