ШҚО құтқарушылары күн сайын 10-нан астам дала өртін сөндіруге барады

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде осы айда өрт қаупі жоғары кезең басталды.
Әдетте, бұл кезеңде ашық алаңда шөп өрті жиі болады.
«Құтқарушылар бір тәулік ішінде 10-15 рет даладағы өртті ауыздықтауға аттанып жүр. Жағдайды тұрақтандыру және халыққа өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру үшін ТЖД мамандары саяжайларда рейд ұйымдастырды. Соның барысында саяжай иелеріне өрт қауіпсіздігі талаптары және бұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілік туралы түсіндірілді», - делінген ақпаратта.
Ведомство дерегінше, ҚР ӘҚБтК-нің 336-бабын бұзғандарға - 20 АЕК, яғни 69 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынады.

Өрт қаупі жоғары кезеңде елді мекендердің, ұйымдардың, саяжай қауымдастықтарының аумағын жанғыш қалдықтан, қоқыстан, ыдыстан тазарту қажет.
От жағуға, қалдықтар мен ыдыстарды өртеуге – ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 50 метр қашықтықта және желсіз ауа райында, өрт сөндіру құралдары болған кезде ғана рұқсат етілген.