ШҚО Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасын А. Мұхамедшинов басқарды

Бұдан бұрын А. Мұхамедшинов Өскемен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін басқарды, деп хабарлады әкімдіктен.
Азамат Мұхамедшинов 1978 жылы 23 ақпанда ШҚО Ұлан ауданы Асубұлақ кентінде дүниеге келді. Жоғары музыкалық білімі бар. «Музыка мұғалімі» мамандығы бойынша ШҚО мемлекеттік университетін және «Экономика және бизнес» мамандығы бойынша ШҚО өңірлік университетін аяқтады.
Еңбек жолын ол 1998 жылы Жарма ауданы Бақыршық ауылының орта мектебінің ән сабағы мұғалімі болып бастады, 2001-2008 жылдары Риддер қаласы «Шаңырақ» көп бейінді мектеп гимназиясында музыка сабағын бере жүріп, концертмейстер болып жұмыс істеді.
2008-2010 жылдары Риддер қаласында «Мәдениет» сарайының директоры болды, кейін 2012 жылға дейін Риддер қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы лауазымын атқарды. 2013 жылы сәуірден бастап Өскемен қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін басқарды.