ШҚО мектептерінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 1600-ден астам фактісі анықталды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM –  Шығыс Қазақстан облысындағы білім ордаларына өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталу-сақталмауына қатысты тексеру жүргізілді.

мектеп
Фото: Павлодар облысы білім беру басқармасынан

Өңір бойынша ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің есебіне 667 білім беру нысаны алынған. Олардың қатарына жалпы білім беретін мектептер, балабақшалар, интернаттар, кәсіби лицейлер, техникалық мектептер мен колледждер бар. Құтқарушылар 300 мекемеге профилактикалық бақылау жүргізіп, соның нәтижесінде 1600-ден астам заңбұзушылық тіркелді.

- Заңбұзушылықтар көбінесе құжаттаманы дұрыс жүргізбеуге, әртүрлі құрылыстарды өрттен қорғау мақсатында жүргізілетін өңдеулердің талапқа сай болмауына, электр желілері мен электр жабдықтары жағдайларының талапқа сәйкес келмеуіне қатысты болды. Сондай-ақ жанғыш материалдарды сақтау, өрт сөндіру құралдарының істен шығуы сияқты бұзушылықтар да кездеседі, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

ТЖД қызметкерлері мектеп басшылығына әкімшілік іс қозғамай, оларды жою туралы белгіленген мерзімдер көрсетілген нұсқама шығарды.

Егер анықталған бұзушылықтар тиісті мерзім ішінде жойылмаса, онда ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабы 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс қозғалады.

Еске салсақ, осыған дейін СҚО-да ата-аналарға мектеп формасына қойылатын талаптар еске салынды. 

Соңғы жаңалықтар