ШҚО мен Алматы облысы аумақтарында «Шығыс-2013» халықаралық жедел-стратегиялық оқу жаттығуы өтеді - ҚР ҚМ

АСТАНА. 8 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының аумағында «Шығыс-2013» халықаралық жедел-стратегиялық оқу жаттығуы басталады.
None
None

Оған Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов жетекшілік етеді, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.

Жаттығу бір мезетте Шығыс, Көктал, Изенді және Майлин полигондарында басталады. Оқу-жаттығуға Құрлық әскерлерінің құрамалары: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскерлері, мотоатқыштар, артиллерия бөлімшелері, Аэроұтқыр әскерлердің бөлімдері, сондай-ақ Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің авиациясы қатысады.

ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттер жауынгерлік басқару органдары арасында тәжірибе алмасу және ынтымақтастықты нығайту мақсатында оқу-жаттығуға Ресей Федерациясының Қарулы Күштерінен жедел топ тартылатын болады.

Командалық-штабтық нысанда өтетін оқу-жаттығу барысында басқару органдары өздерінің тұрақты орналасу пункттерінде бағынысты құрамалар мен бөлімдерді басқару жөніндегі оқу-жауынгерлік міндеттерді пысықтайды.

«Шығыс-2013» оқу-жаттығуын өткізу барысында әскерлер жауынгерлік даярлығының жоспарлы іс-шаралары: бригадалық және батальондық тактикалық оқу-жаттығулар, артиллерия бөлімшелерінің оқу-жаттығулары, ұшу-тактикалық оқу-жаттығулар, сондай-ақ әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің тактикалық жаттығулары өтеді.

Басқару органдарының күштері басқару органдарының шартты қарсылас әскерлер топтамасын жою жөніндегі бірлескен іс-қимылдар кезіндегі жедел үйлесімділігін пысықтау өткізілетін оқу-жаттығу негізгі мақсаттарының бірі болып табылады. Жаттығу қорытындысы бойынша Бас штаб басшылығы Қарулы Күштерді басқару жүйесінің жай-күйін бағалайтын болады.

Соңғы жаңалықтар