ШҚО-ның 3 бірдей ауданында алғаш рет АИТВ жұқтырғандар тіркелді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында адамның иммун тапшылығы вирусын (ВИЧ) жұқтырғандар бұрын-соңды тіркелмеген аудандарда ауырғандар анықталып отыр.

Өңір бойынша осы жылдың бірінші тоқсанында АИТВ жұқтыру дерегі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27 пайыз азайған. Десе де, 3 бірдей ауданда алғаш рет науқастар тіркелді. Ол – Самар, Зайсан және Ұлан аудандары. Бұл туралы ШҚО ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығының өкілі Арай Айдарқызы мәлім етті.
- Өңірде АИТВ жұқтырғандар ең көп тіркелетін қала, аудандар - Өскемен, Риддер қалалары мен Алтай, Шемонаиха, Глубокое аудандары. Жас ерекшелігіне келсек, жұқтырғандардың көбі 30-49 жас аралығындағы адамдар. Яғни, ауырғандар жұмыс істейтін азаматтар арасында. Ер адамдар бұл дертке әйелдерге қарағанда екі есе жиі шалдығады, - деді ол.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан республика деңгейінде АИТВ жұқтырғандар саны бойынша екінші орында тұр. Қазіргі таңда бірінші орында - Қарағанды облысы.
Мамандардың айтуынша, вирус негізінен жыныстық қатынас арқылы тарайды. Бұл жалпы жұқтырғандардың 75 пайызы.
Еске салсақ, Қызылордадағы АИТВ-инфекциясын жұқтыру оқиғасынан кейін бұйрыққа өзгеріс енгізілгені хабарланған.