ШҚО-ның агроөнеркәсіп саласына инвестиция салуға Алматы кәсіпкерлері шақырылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы және Алматы қаласының аймақаралық ынтымақтастығы бойынша кеңес өтіп, оңтүстік астананың бизнесмендері ШҚО-ның агроөнеркәсіптік кешеніне инвестиция салуға шақырылды.

Аймақаралық ынтымақтастық ШҚО әкімі Даниал Ахметов және Алматы әкімінің орынбасары Ерлан Әукеновтің, ШҚО және Алматы бизнес-құрылымдары және қаржылық институттары өкілдерінің қатысуымен өткен бірлескен кеңестен басталды. Тараптар агроөнеркәсіптік секторда ғана емес, туристік саладағы өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Агроөнеркәсіп саласында аймақтық ықпалдастыққа деген қызығушылық байқалды. ШҚО-ның сапалы табиғи өнімдері Алматының азық-түлік нарығына табысты жеткізіліп, Алматының кең нарығындағы инпортты ығыстыра алады. Бүгінде ШҚО-ның шамамен 65 тауар өндірушісі Алматы базарларына Қазақстандағы үздік шығысқазақстандық сүт өнімдерін, еттің барлық түрлері мен шұжық өнімдері, ұн және макарон өнімдері, балық және балық өнімдері, бал және бал өнімдері, қымыз және марал мүйізінен жасалған өнімдер, жарма, өсімдік майы және т.б. жеткізуге дайын. Алматының сауда желілеріне жеткізілетін тауар сомасы жоспар бойынша шамамен 23,5 млрд. теңге.

ШҚО АӨК-нің қайта өңдеу өнеркәсібі 85 млрд. астам теңгеге тауар өнімдерін шығаратын 11 саладан тұрады. 

Бизнес қауымдастықты Даниал Ахметовтың туризмге қатысты тағы бір ұсынысы қызықтырды: «Біз демалыс үшін тамаша нысандар құруға болатын Сибин көлі аймағын ұсынуға дайынбыз. Біз Сибиндерге жолды өзіміз саламыз. Одан кейін, біздің Қатон Қарағай ауданында инвестициялау үшін тамаша мүмкіндіктер бар. Бұл емдеу демалысы мен туризмді құрудың әлеуеті жоғары инвестордың жұмысы үшін тамаша алаң болады. Бұдан бөлек, біздің шығыста балдың жүздеген тоннасы бар, бірақ тауарлық түрі жоқ. Біз сіздерге осы мүмкіндіктерді де ашамыз», - деді Д.Ахметов.

Өз кезегінде алматылық делегацияның басшысы Е.Әукенов сапалы шығысқазақстандық табиғи шикізатқат Алматы нарығы мұқтаж екенін айтып, шығысқазақстандық өнімнің оңтүстік астана базарларына жететініне кепілдік берді. Бұдан басқа, ол алматылықтар шығысқа барлық отандық туристік компанияларды әкелуге дайын екенін атап өтті.

«Біз елімізде лайықты қызмет көрсетілетін демалысты дамытуға міндеттіміз», - деді Е.Әукенов. Тараптар ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылап, ШҚО-ға сапар аяқталғанда қол жеткізілетін тәжірибелік келісушіліктерді шешу үшін үнемі кездесу керек деген ортақ пікірге келді. Кеңестен кейін алматылық делегация аймақтың қайта өңдеу кәсіпорындарына барды, олардың арасында «Эмиль», «Восток Молоко», «Айтас МП» ЖШС және «Пасека» шаруа қожалығы болды.

Соңғы жаңалықтар
telegram