ШҚО-ның барлық ауданында жылыту маусымына дайындық кестеден қалмай жүргізілуі тиіс – әкім

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев аймақта жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысу және бірінші кезектегі міндеттерді анықтау үшін өңірлік басқармалар басшыларымен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-ның барлық ауданында жылыту маусымына дайындық кестеден қалмай жүргізілуі тиіс – әкім
Фото: ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

«Біз барлық әлеуетімізді шынымен маңызды тұстарда шоғырландыруымыз керек. Ең алдымен бұл жылыту маусымына дайындық. Облыстың барлық ауданында бұл жұмыс кестеден қалмай жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар тұрғындар бірқатар саладағы жобалардың барысынан хабардар болып отыруы керек. Атап айтқанда, мектептер, балабақшалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының құрылысы, жолдарды салу және жөндеу жобалары. Осылайша, олар жүргізілетін жұмыстардың сапасына барынша көз жеткізе алады», - деді Ермек Көшербаев.

Оның айтуынша, әлеуметтік салаға баса назар аударылатын болады. Өйткені облыстың әрбір тұрғынының әл-ауқаты осыған тікелей байланысты.

«Шығыс Қазақстан әрқашан түрлі салалардағы жаңа идеялар мен жобалардың бастамашысы. Біздің тәжірибені басқа аймақтар да қолданады. Қазір негізгі міндет – барлық жылу көздерін, магистральдық желілерді, әлеуметтік нысандарды және тұрғын үйлерді жылыту маусымының басына дейін жүз пайыз дайындыққа келтіру. Басқарма басшылары барлық мәселеден хабардар болып, оны шешуге бар күш-жігерін салу қажет», - деді облыс әкімі.

Еске салсақ, Президент жаңа тағайындалған ШҚО әкімі Ермек Көшербаевқа бірқатар міндет жүктеген болатын.