ШҚО облыстық соты екі жыл қатарынан республикадағы үздік үштікке кірді - ҚР Судьялар одағының хатшысы С. Райымбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Судьялар одағының хатшысы Сансызбек Райымбаев Шығыс Қазақстан облыстық сотына жұмыс сапарымен болды.
None
None

Облыстық соттың судьялары мен мамандары қатысқан кездесуде Сансызбек Ильясұлы Жоғарғы Сот пен Судьялар одағы республиканың үздік сотын анықтауға арналған байқау-конкурстың жыл сайын өтетінін атап өтті.

«Шығыс Қазақстан облыстық соты облыстық және оған теңестірілген соттардың жұмысын үздік ұйымдастыруға арналған 2015 жылғы байқау-конкурста екінші орын алса, Семей қалалық соты аудандық және оған теңестірілген соттар арасында екінші орынды иеленді», - деді С.Райымбаев. Ол өңірдің судьялар корпусын заң үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында соттар жұмысының сапасын бағалаудың сегіз критерийі бойынша республикалық рейтингте қол жеткізген жоғары көрсеткіштерімен құттықтай келе, облыстық сот төрағасы Д.Әміровке Құрмет грамотасын тапсырды.

С.Райымбаевтың пікірінше, Жоғарғы Сот пен Судьялар одағы осы іс-шараны жыл сайын өткізе отырып, сот төрелігін сапалы жүзеге асырудың негізі ретінде сот жұмысын дұрыс ұйымдастыруға басымдық береді. Ұйымдастырушылардың пікірінше, сот имиджін жақсартуға сот төрелігін жүзеге асыру сапасының жай-күйі, сот кеңсежайының сот төрелігін жүзеге асыру талаптарына сәйкестігі, төрешілдікті жою, сот процестерін ұйымдастыру әсер етеді. Соттардың жұмысы озық ақпараттық технологияларды енгізу, қағаз құжатты қысқарту және электронды құжат айналымға көшу, ұжымдағы қарым-қатынасты дұрыс қалыптастыру  жағынан бағаланды.

С.Райымбаев судьялардың жаңа Әдеп кодексі әзірленгенін, құжат Қазақстан судьяларының VII съезінде талқыланатынын айтты. «Кодекстің әдеп нормалары судьялар үшін міндетті, ал азаматтар үшін кәсіби судьялар корпусының кепілі болмақ», - деді ол.

«Облыс соттарының қызметі сот төрелігін сапалы жүзеге асыруға, сот жүйесіне деген азаматтардың сенімін арттыруға, сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан судьяларының VI съезінде жүктеген және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында берген тапсырмаларын орындауға бағытталған. Шығыс Қазақстан облысының сот корпусы сот жүйесінің реформалануы бойынша Ұлт жоспарының 11 қадамын жүзеге асыруда бірқатар іс-шараларды атқарды»,  - деді облыстық сот төрағасы Д.Әміров.

Одан әрі Д.Әміров жұмыс сапасын бағалаудың жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізуге қосқан үлестері үшін облыс судьяларына алғыс білдіре келе, облыстық соттың республикадағы үздік үштікке екі жыл қатарынан кіруіне бірлескен нәтижелі жұмыстың ықпал еткендігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар