ШҚО ормандарындағы 170 гектарға жуық жер мемлекетке қайтарылды

Орман
Фото: egemen.kz

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы ормандарындағы 170 гектарға жуық жер мемлекетке қайтарылды. 

ШҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы «Өскемен орман шаруашылығы» коммуналдық мекемесінің қызметіне тексеру жүргізді. Соның нәтижесінде, орман пайдаланушысы – «Қазақстан Бипэк Авто» АҚ жалпы ауданы 150,7 гектар учаскесінде ұзақ мерзімді орман пайдалану талаптарын жүйелі түрде бұзғаны анықталды.

«Уәкілетті органның келісімінсіз жалпы аумағы 19 гектарды құрайтын учаскелерде құрылыс жұмыстары жүргізілген. Орман пайдаланушы өрт қауіпсіздігі ережелерін де сақтамай, өртке қарсы іс-шараларды уақтылы орындамаған», - деп хабарлады облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен. 

Қабылданған шаралар нәтижесінде, сот шешімімен ұзақ мерзімді орман пайдаланудың 13 шарты бұзылып, мемлекеттік орман қорындағы 169,7 гектар жер мемлекетке қайтарылды. Сот актісі заңды күшіне енді. 

Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер жылу электр орталығында биылғы жылыту маусымында ақау шықпағанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар