ШҚО полицейлері шаруагердің жоғалған 20-ға жуық жылқысын тауып берді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының полиция қызметкерлері шаруагердің жоғалған 20-ға жуық жылқысын тауып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полицейлері шаруагердің жоғалған 20-ға жуық жылқысын тауып берді

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Бозанбай ауылының 33 жастағы тұрғыны тәртіп сақшыларына жайылымнан 18 бас жылқысының жоғалғаны туралы хабарлаған. Өз сөзінде ол бір апта бойы малды өз бетімен іздегенімен одан еш нәтиже шықпағанын жеткізді.

«Полицейлер аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігіне (мал ұрлығы) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын қолға алды. Жәбірленушімен бірлесіп, іздестіру шараларына кірісті. 10 күннің ішінде тасжолдар, ет өнімдерін өткізу орындары мен көліктер тексерілді. Соның нәтижесінде, жылқылар Жанұзақ ауылы маңында табылып, иесіне қайтарылды», - делінген ақпаратта.

Осы ретте, полиция қызметкерлері өңір жұртшылығына мал ұрлығының немесе жоғалуының алдын алу үшін төрт түлікті қараусыз қалдырмауға шақырады.