09:52, 30 Наурыз 2021 | GMT +5
ШҚО полицейлеріне коронавирусқа қарсы вакцина егіле бастады
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлеріне коронавирусқа қарсы вакцина егіле бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары арасында COVID-19-ға қарсы ерікті вакцинация басталды. Өз еркімен екпе алуға дайын полицейлердің тізімі жасалған. Вакцинаны алғашқылардың бірі болып департамент бастығы Сағат Мәдиев алды.
«Қазіргі уақытта екпе егу салауатты өмір салтының маңызды элементіне айналған. Вакцинацияға жасаған қадамымыз коронавирус инфекциясының таралуын азайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз», - деп атап өтті С.Мәдиев.
Вакцина алатындар тізімінде 100-ден астам адам бар. Олар алдыңғы қатарда тұратын және халықпен жиі қарым-қатынаста болатын патрульдік полиция қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторлары.
Айта кетейік, полиция қызметкерлеріне осы апта ішінде вакцина егілмек.