11:33, 14 Қараша 2016 | GMT +5
ШҚО полициясы Зыряновскідегі оқушыны өлтірген адамның фотосын жарияламаған
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Бүгін облыстық ішкі істер департаменті сегіз жасар Виктория Тойкенованы өлтіруі мүмкін күдіктінің фотосын жарияламағанын хабарлады. Сонымен бірге, баспасөз қызметінің ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, олар қылмыстық істің мән-жайын қатысты ақпараттарды да еш жерге таратпаған.

«Ел ішіне тарап кеткен 25 жастағы ер адам мен оның үйінің фотосын Зыряновскі тұрғындары таратуы мүмкін», - деп атап өтті баспасөз қызметі.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, «1991 жылы туған ер адамға қатысты «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық істі тергеу жұмыстары жалғасуда. Күдікті ұсталды. Тергеу жүріп жатыр. Атышулы қылмыстың барлық мән-жайы және оның басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде».
Еске сала кетсек, 10 қарашада Зыряновск кезекші бөліміне оқушы қыздың жоғалып кеткені жайлы хабарлама түскен. Жоғалған қызды екі тәулік бойы құтқарушылар мен жергілікті тұрғындар мен еріктілер іздеді. Жақында кәмелетке толмаған қыздың мүрдесі қараусыз қалған үйден табылды. Оқушы өліміне күдікті 25 жастағы ер адам ұсталды.